Дәріс тақырыбы: Қазақстан территориясындағы ХІҮ-ХҮ ғғ. мемлекеттер

Дәріс жоспары:

1.Ақ Орда.

2.Моғолстан мемлекеті.

3.Әбілхайыр хандығы (Көшпелі өзбек мемлекеті).

4.Ноғай Ордасы мен Сібір хандығы.

1. Ақ Орда хандығы.Хандықтың аумағы қазіргі Қазақстан жерін түгел қамтыды. Оның халқы этникалық жағынан біріңғай түрік тілдес тайпалар мен халықтар – қыпшақ, қаңлы, үйсін, жалайыр, алшы, қарлұқ, найман, керей, қаракесек (арғын), қоңырат, маңғыт т.б. еді. Бұлардың әлеуметтік даму деңгейі біркелкі, шаруашылық тұрмысы негізінен көшпенді және жратылай көшпенді мал шаруашылығы болды. Мәдениеттік даму дәрежесі қарайлас, тілі түрік тілдердің бір тармағы қыпшақ тілі болған. Ақ Орда құрамына кірген тайпалардың ішіндегі алты арыс ел – қыпшақ, жалайыр, найман, қоңырат, қаракесек (арғын), алшындар - Шыңғыс ханның батысқа жасаған жорығының алғашқы кезінде- ақ "алты сан алаш" деген атпен Жошы ұлысына енген. Ақ Ордада хан ордасы алғашында Ертісте және Алакөл маңында, яғни Орда-Еженнің әкесі Жошы ханның бастапқы отырған жерінде болды. XIV ғ. бас кезінен Орда-Ежен ұрпақтарының Сыр өңірінің қалалары мен Жетісу жайылымдары үшін Шағатай ұрпақтарымен күрес жүргізілді. Ақ Орданың билеушілері XIV ғ. екінші жартысында өздері Алтын Орданың қол астында екенін сөз жүзінде мойындағанымен, іс жүзінде тәуелсіз саясат жүргізді. Барлық саяси күш Ақ Орданың өзінде болды. Сол себептен де шығыс қолжазбаларында Ақ Орда Алтын Ордамен қатар өмір сүрген, одан бөлек жеке мемлекет ретінде сипатталады. Ақ Орданың Алтын Ордадан оқшаулануы XIV ғ. екінші ширегінде, Ерзен мен Мүбәрәкқожа хандар билігі тұсында болған делінеді. Ол XIV ғ. 60-70 билік еткен Ұрыс хан кезінде едәуір нығайды.

Мұсылман хандығының хронологиялық кестесінде көрсетілген Ақ Орда хандары - Орда-Ежен, Сартақ, Қонишы (Қойшы), Баян, Сасы-Бұқа, Ерзен, Мүбәрәк, Шымтай, Орыс хан, Қойыршақ және Барақ. Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін Алтын Ордада кезекті аласапыран кезең мен сарай төңкерісі басталды. Ақ Орданың үстем табы Алтын Ордада қалыптасқан жағдайды пайдаланып, Жошы ұлысының екі бөлігін өз билігінде саяси жағынан тұтас етіп біріктіргісі келді. Бердібек хан қайтыс болған соң сарай тағына отыруға, мысалы, Ақ Орда ханы Шымтай (1344-1361) ресми түрде шақырылды, ол шақыруды қабылдамады, бірақ Алтын Орда тағы үшін күреске Орыс хан белсене қатысты.

XIV ғ. аяғы - XV ғ. басында сыртқы саяси ауыр жағдайлар мен ішкі қырқыстар кезінде Ақ Орда едәуір әлсіреп кетті. Жиырмасыншы жылдарда Ұрыс ханның немересі Барақ хан өз әулеттінің билігін бірсыпыра уақытқа қалпына келтірді. 20-жылдардың аяғында Шығыс Дешті Қыпшақтың үлкен бөлігіндегі билік Шайбани ұрпағы Әбілхайырдың, қолына көшті. XV ғ. екінші ширегінде Орыс хан мен Барақ ұрпақтары Қазақстанның оңтүстік аудандарында өз биліктерін сақтап қалды.

2.Моғолстан.XIV ғасырдың 40 және 50-жылдары ол он шақты иелікке бөлініп кетті. 1346 жылы Шағатай мемлекетінен Моғолстан деп аталған солтүстік-шығыстағы аумақ бөлініп шықты. Моғолстанның құрамына Түркістан, Оңтүстік-шығыс Қазақстан аумақтары және Орта Азияның кейбір аумақтары кірді. Моғолстан ортағасырлық авторлардың тарихи деректерінде мемлекет өзінің құрылу кезеңдеріне қарай "моғол" атты этникалық-саяси бір тұтастыққа енудің ұзақ араласу және сіңісу процесінен өткен жергілікті түрік және түріктенген моңғол тайпаларының мемлекеттік-саяси бірлестігі болып көрінеді. Оған кіретін тайпалар: дулаттар, албандар, суандар, қаңлылар, керейлер, арғындар, барластар т.б. Моғолстан ордасының орныққан орталығы Алмалық қаласы болды. Моғолстан бұрынғы Шағатай ұлысының және Жошының оңтүстік-шығыстағы әскерлеріне толық билік жүргізді.

1418-1421 жж. Моғолстанда үкімет билігі Уәйіс ханның қолында болды. Моғол тағына екінші бір үміткер Шер-Мұхаммедтің өтініші бойынша 1421 ж. маусымда Ұлықбектің өзі Моғолстанға жорыққа аттанды. Ұлықбектің көмегіне сүйенген Шер-Мұхаммед 1421 ж. елде билікті өз қолына алды. Моғол әмірлері мен бектерінің бір тобы оны қолдаса, енді бір тобы Уәйіс хан жағында қалды. Уәйіс хан тұсында (1418-1428 жж.) ойраттардың Моғолстанның шығыс шекараларына қысымы күшейе түсті.

Уәйіс хан 1422 ж. Турфан қаласын басып алып, оны өз астанасына айналдырды, ал ойраттар Хами қаласына шабуып жасады. Уәйіс хан он жыл ішінде қалмақтардың барлығы 61 шабуылына тойтарыс берген.

Уейіс хан өлгеннен кейін 1433-1434 жылдар шамасында хан тағына 13 жасар Есен-Бұға отырды. Арада бірнеше жыл өткен соң моғол көшпелі ақсүйектерінің талап етуімен жаңа хан Есен-Бұға Сайрам, Түркістан, Ташкентке тонаушылық шапқыншылықтар жасады. Келесі жолғы жорықта Есен-Бұға Әндіжанға дейін жетіп, қамалды қоршады.

XV ғасырдың 50-жылдарында ойраттар Моғолстан аумағына келіп, Шу өзенінің жағасына жетті. Қашқардағы алауыздық қырқысулардан қолы босамай жүрген Есен-Бұға хан оларға айтарлықғай қарсылық көрсете алмады. Соғыстар мен өзара қырқысулардың салдарынан Жетісудағы қазақ тайпалары орталық және оңтүстік өңірлерден қол үзіп қалды, тайпалардың этникалық ұлт болып бірігу процесі баяулады.

XV ғ. ойраттар шапқыншылығы бірнеше рет қайталанды. Олар Моғолстанды әлсірете түсті, міне сондықтан да Моғолстан ханы Есен-Бұға 50-жж. аяғында Батыс Жетісуға келген қазақтар Жәнібек пен Керейді ойраттар бетін қайтару үшін пайдаланбақ болды. Қазақтар, іс жүзінде, әсіресе 60-жж. ортасында Жетісудағы өз иеліктерін ойраттардан қорғай алды.

3.Ноғай ордасы.Алтын Орда ыдырап, Ақ Орданың әлсіреуі нәтижесінде Қазақстанда бой кетерген мемлекеттік құрылымдардың бірі - Ноғай Ордасы еді. Ноғай Ордасы XIII ғ. екінші жартысында бөлектене бастады. Бұл процесс XIV ғ. әмір Едіге тұсында жалғасып, оның баласы Нұраддиннің (1426-1440) кезінде аяқталды. Ноғай Ордасы Еділ мен Жайықтың арасындағы созылып жатқан жалпақ дала мен құмды, таулы жерлерді мекендеді. Орталығы Еділдің төменгі бойында немесе Сарайшық (Жайық) ауданында болатын. Шығысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауы бойында көшіп жүрді, олардың көшіп жүретін жерлері солтүстік-шығысында Батыс-Сібір ойпатына дейін, солтүстік-батысында Қазанға дейін, оңтүстік-батысында Арал теңізі мен Каспий өңірінің солтүстігіне дейін жететін, ал кейде олар Маңғыстау мен Хорезмге барып жүретін.

Ноғай Ордасы негізінен Жайық пен Еділ арасын жайлаған негізгі тайпа маңғыттардан тұрды, сол себепті де бұл ұлыс "Маңғыт жұрты" деп атанды. "Ноғай", "ноғайлықтар", "Ноғай Ордасы" деген терминдер әдебиетте алғашқы рет тек XVI ғ. басында ғана пайда болды. Сонымен қатар Ноғай Ордасының құрамына қоңырат, найман, арғын, қаңлы, алшын, қыпшақ, кенгерес, қарлұқ, алаша, тама және басқа ру тайпалар кірді.

XIV ғ. аяғында саяси аренаға шығып, Ноғай Ордасының негізін қалаған Едіге 1396-1411 жылдар аралығында Алтын Ордада бүкіл билікті өз қолынан шығармай, оны өзі тағайындаған хандар арқылы басқарып келді. "Беклер бегі" ұлы әмір атанған Едіге көрші ұлыстардың өміріне де ықпал етіп отырған. Клавихоның айтуына қарағанда, "Едіге өз Ордасында екі жүз мыңнан астам атты әскерді ұдайы ұстаған".

Едіге түрік тектес халықтардың тарихи зердесінде өшпес із қалдырды. "Ел қамын жеген Едіге" деп ардақтаған халық оның тұлғасын: "Артынан келіп қарасам, қаhардан пайда болғандай, алдынан келіп қарасам, лапылдан пайда болғандай,"- деп сүйсіне жырға қосты. Ол 1399 жылы Литва-Польша әскері мен Тевтон ордені рыцарьларының біріккен жасақтарына күйрете соққы берді. 1408 ж. Едіге орыс әскерлерін талқандап, Мәскеуге дейінгі жерлерді жеңісті жорықпен жүріп өтті. Оның есімі тарихи шежіре жылнамалардың бәрінде де үлкен құрметпен аталды.

XVI ғ. Ноғай Ордасының Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық және саяси байланыстар бірте-бірте қалыптаса бастады. XVI ғ. екінші жартысында Казан және Астрахан хандықтары Ресейге қосылғаннан кейін Ноғай ордасы бірнеше дербес иеліктерге ыдырап кетті, оның ыдырау процесінде халықтың бір бөлігі Кіші жүз құрамына енді. Солтүстік-шығыста тұратын ноғай рулары Сібір иеліктеріне қарап кетті.

4.Әбілқайыр хандығы.Әбілқайыр хандығы (Көшпелі өзбектер мемлекеті).Феодалдық бытыраңқылықтың күшеюі XV ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның орталық аймағында Әбілқайыр хандығының пайда болуына әкелді.

Әбілқайырдың жаулаушылық соғыстары XV ғасырдың 30-жылдарында басталады. Тоқа Темір әулетіне қарсы жорыққа Әбілқайыр көп әскер жиды. Әбілқайырдың төменгі Сырдария аймағына жорыққа шығуының басты себебі әулеттік күрес қана емес, сонымен бірге Сырдария мен Арал жағалауы төңірегінен қысқы жайылымдық алу қажеттілігі еді. Сырдарияның төменгі сағасына иелік ету көшпелі мемлекеттің қуатын арттыру үшін аса қажетті Түркістан қалаларына жол ашатын. Шайқас 1431 ж. Екітүреп деген жерде болып, Тоқа-Темірдің жеңілуімен аяқталады. Әбілқайырдың келесі жеңісі 1446 жылы Атбасар маңында болды. Ол жолы Мұстафа ханды тас-талқан еткен. Ол бағындыру мақсатымен оңтүстік аймақтар мен елдерге әскери жорықтарға шыға бастады. Ол 1430 жылы қысқа мерзімге Хорезмді басып алды, Үргенішті тонады. 1446 жылы Ұлықбектің тақ мұрасы істеріне байланысты Мауереннахрдың оңтүстігі мен Хорасанға кеткенін білген Әбілқайыр жазғы көші-қонысын қоя тұрып, Самарқанд пен Бұқараға тап берді, олардың төңірегіндегі жерлерді тонап, ортаңғы Сырдарияның бірқатар қалаларын басып алды.

1456-1457 жылдары Сығанақ түбінде қалмақтардан күйрей жеңілген Әбілқайыр Түркістанның талан-таражыға түскен қалаларын тастап шығып, Дешті-Қыпшаққа кетуге мәжбүр болды. Жеңілудің басты себебі оның мемлекетінің ішкі әлсіздігінде жатыр еді. Шыңғыс әулеті арасындағы толассыз қырқыстар мен алауыздықтар, рулар мен тайпалардың көшпелі ақсүйектерінің оқшаулыққа ұмтылуы, феодалдық жоғары топтар мен қатардағы көшпелі және жартылай көшпелі бұқара арасындағы қайшылықтардың шиеленісуі, ішкі және сыртқы соғыстар мемлекеттің шаңырағын шайқалтып, күйреу дәрежесіне жеткізген еді. 1468 жылы Жетісу жорығы кезінде Әбілқайыр қаза тапты. Қазақ хандығының құрылып, нығаюына байланысты Шайбани әулетінің Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігі тоқтады.

Сұрақтар:

1. ХІV-ХVғғ ортағасырлық мемлекеттер. Көк Орда және Ақ Орда мемлекеттері.

2. Қазақстанның ХV ғ. мен ХҮШ ғ.басындағы мәдениеті.

3. Моғолстан (ХІVғ ортасы -ХVғ басы). Мемлекеттің құрылуы территориясы мен этникалық құрамы.

Негізгі әдебиеттер:

1.Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. 1 том. Алматы, 1996.

2.Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы, 1994.

3. Ч. Мусин. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008.

4.Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в ХҮ- ХҮІІ вв.: история, политика, дипломатия. А., 1998.

5.Дулати М.Х. Тарихи Рашиди. А., 2003.

6.История Казахстана в арабских источниках. В 3-х томах. Т. 1-3. А., 2006.

7.История Казахстана в персидских источниках. В 5-ти томах. Т. 1-5. А., 2006.

8.История Казахстана и Центральной Азии. А., 2001.

Қосымша әдебиеттер:

1. Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. М., 1965.

2. Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. СПб, 1864.

3. Елеуұлы М. Шу өңірі: аңыз бен тарих // «ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы», № 3. А., 1996.

4. Захир-ад-дин Мухаммед Бабыр. Бабыр-нама. А., 1993.

9-10. Дәріс тақырыбы:Қазақ хандығының құрылуы және қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы. (ХV-ХVІ ғғ.). ХVІ-ХVІІІ ғғ. Қазақ хандығы.

Дәріс жоспары:

1.“Қазақ” этнонимі. Қазақ халқының қалыптасуының тарихи алғышарттары.

2. Қазақ хандығының құрылуы. Керей мен Жәнібек (1465-1466 жж.)

3. Қазақ хандығының күшеюі. Қасым хан, Хақназар хан. Қазақ-ойрат қатынастары.

4. Есім, Жәңгір хандардың тұсындағы Қазақ хандығы.

5. Қазақ мемлекеттілігінің нығаюындағы Тәуке ханның рөлі. “Жеті Жарғы”