Коммерциялық банктердің экономикалық мәні, түрлері

«Банк» сөзі «banco» деген ағылшын тілінен аударғанда «айырбас столы» дегенді білдіреді. Бұл «айырбас столы» тауарлармен сауда жасалатын алаңдарда құрылады. Сауда мемлекеттер мен қалалардың, жекелеген тұлғалардың әр түрлі монеталарымен жасалған. Ол уақытта монеталардың біртұтас жүйесі болмағандықтан, олармен сауда-саттық барысында әр түрлі формадағы монеталар кездескен. Банктер пайда болардың алдында ақша-сауда капиталының өкілдері саудагерлердің ақшалай салымдарын қабылдап, оларды әр түрлі елдің ақшаларына айырбастауға маманданып отырған. Уақыт өте келе, айырбастаушылар бұл салымдарды, сондай-ақ өздерінің ақша қаражаттарын ссудаға беріп, пайыз алу үшін пайдалана бастайды. Сөйтіп, айырбастаушылар біртіндеп банкирлерге айналады.

Біздің түсінігімізде, банк ұғымы айырбастаушылардың және олардың айырбас орындарының болуымен сипатталады. Алғашқы банктердің Италияда пайда болу себебі, оның сол уақыттарда дүниежүзілік сауда орталығы болғандығын ескеріп, әр елдің ақшалары мен тауарларының сол елге қарай ағылып, банкирлердің сауда операцияларына тікелей қатысуына байланысты түсіндіріледі.

Банктің пайда болуы туралы қарастырғандар оның мәнін ашуға жақындайды, бірақ та банктің толық мәні әлі де болса жұмбақ болып қала бермек.

Банктік мекемелердің қызметі сан алуан. Қазіргі қоғамда банктер әр түрлі операциялармен айналысады. Банктер арқылы халық шаруашылығын қаржыландыру, бағалы қағаздарды сатып алу-сату, кей жағдайларда делдалдық мәмілелер мен мүлікті басқаруға байланысты қызметтер жүзеге асырылады.

Банктің мәнін ашуға екі жақты тұрғыдан келуге болады: заңи және экономикалық. Бірінші жағдайда, ең бастысы «банктік операциялар» ұғымының маңызы артады. Олардың қатарына банк қызметі туралы заңда көрсетілген операциялар тізімі жатады.

Қай жағынан алсақ та банктің мәнін заң тұрғысынан қарау жеткіліксіз болып табылады. Банктің мәнін айқындау оның қызметінің заңмен қатынасын білумен ғана шектелмейді. Банктің мәнін, оған рұқсат етілген операцияларын анықтайтын заң емес, оны істің экономикалық жағы және банктің жаратылысы анықтайды [1].

Банктің мәнін талдағанда оның бастапқы атқарған қызметтерін (валюта айырбасы, несие беру, есеп айырысу) жоққа шығаруға болмайды. Жалпы, кез келген құбылыстың мәнін танып білуде, оның қандай операцияларды орындайтыны немесе орындағандығы туралы сұраққа жауап іздеудің қажеті шамалы, бұл жерде ең бастысы, оның сапасына және басқа институттардан өзара айырмашылығына мән берген дұрыс.

Банктің мәнін басқа институттардан өзара айырмашылығына байланысты қарастырсақ, банк ерекше өнім шығарумен айналысатын кәсіпорын болып саналады. КСРО тұсында кәсіпорын ретінде тек фабрика, зауыт, немесе материалдық өнім жасайтын өндіріс сферасы түсінілген. Бірақ экономиканың басқа да буындарына «кәсіпорын» деген атақты иеленуге ешқандай да тиым салынбаған.

Ежелгі Русьте «кәсіпорын» деп қандай да бір іспен немесе қызметпен айналысатын субъектіні айтқан. Сондықтан да белгілі бір қызметпен айналысатын банк сияқты субъектіге «банк – бұл кәсіпорын» деп айту өзінше дұрыс нәрсе. Мұнымен біз нүкте қоюға тиіс емеспіз, себебі «кәсіпорын»- бұл біздің ойымыздағының бәрін толығымен ашпайды.

Сонымен бірге ол дұрыс нақтылауды қажет етеді, себебі, банк шын мәнінде фабрика да, зауыт та емес. Ол бұлардан өзіндік ерекше қызмет көрсетуіне қарай ажыратылады. Ең бастысы - банктің өнеркәсіптік кәсіпорындардан өзара ажыратылатыны, оның қызметінің өндіріс аясында емес, айналыс және айырбас аясында жүзеге асуына байланысты болуы.

Банктің ерекше кәсіпорын ретінде шығаратын өнімі материалдық өндіріс аясының өнімдерінен өзара ажыратылады, ол жай ғана тауар шығармайды, оның тауары ерекше, яғни ақша, төлем құралдары түрінде шығады.

Қызмет көрсету аясындағы банктің өнеркәсіптік кәсіпорындардан ерекшелігі оның несие беруінен байқалады. Оның негізгі өнімі «несие» болғандықтан, банкті - «несиелік мекеме» деп атаған.

Сондай-ақ, банк өнеркәсіптік кәсіпорындардан өзінің эмиссиялау сипатына да байланысты ажыратылады. Ол тек қана акциялар мен басқа да бағалы қағаздар шығарып қоймайды, сол сияқты басқа эмитенттердің бағалы қағаздарын есепке алу және сақтауға байланысты операцияларды жасайды.

Банкті сауда, делдал кәсіпорыны десе болады. Жалпы, банктің саудамен ұқсас болуы кездейсоқтық емес. Шынында да, банктер де ресурстарды сатып алып, оларды сатумен айналысады.

Сауда кәсіпорыны да өз кезегінде банкке ұқсайды, яғни ол да банктің кейбір қызметтерін көрсетеді. Мысалы ірі сауда кәсіпорындары да банк сияқты белгілі мөлшерде ақшалай немесе заттай несие беруі мүмкін. Сауда кәсіпорынынан банктің іргелі айырмашылығын оның негізінен байқауға болады. Банктің негізі деп оның басты өнімі – несие ісі түсіндіріледі.

Сонымен, қазіргі түсінікте« коммерциялық банк»-бұл ерекше өнім шығарумен айналысатын кәсіпорын немесе қолма-қол және қолма-қолсыз ақшада төлем айналысын реттеуді жүзеге асыратын ақша-несие институты болып табылады [1].

«ҚР-ғы банктер және банктік қызмет туралы» заңында: «Банк – осы заңға сай банктік қызметті жүзеге асыруға құқылы коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға».

Нарық экономикасына өту жағдайында және экономикалық дағдарысты жоюда, макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуде ҚР банк жүйесі маңызды роль атқарады. Сол себепті ҚР банк жүйесінің тарихына да тоқталып өтуді жөн көрдім.

Қазіргі уақытта қалыптасқан екі деңгейлі банктік жүйенің қызмет етуіне байланысты жасалған талдауда, олардың көрсетіп отырғанындай, кемшіліктердің басым бөлігі банктер қызметін реттейтін нормативтік базаны жасаудағы артта қалушылық және оның іске асырылуына іс жүзінде бақылау жасау механизмдеріндегі кемшіліктерімен сипатталады.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасындағы жұмыс жасап отырған банктік жүйенің қалыптасуын үш кезеңге бөледі:

І кезең. 1988 – 1991 жж. (КСРО-ның тұсында) – мемлекеттік салалық мамандандырылған банктер қызметінің бір бөлігін республикалардағы сол банктердің тиісті бөлімшелеріне беру арқылы қайта түрлендіру; алғашқы коммерциялық банктер құру; КСРО Мемлекеттік банкіне орталық банктің жекелеген қызметтерін беруге байланысты бастапқы қадамдар жасау кезеңі.

II кезең. 1992 жылдың аяғы 1993 жылдары – рубль аймағында бола отырып, ҚР Ұлттық банкінің орталық банктің бірқатар қызметтерін орындауға біртіндеп кірісуі, коммерциялық банктердің экстенсивті (сандық) түрде қалыптасуы және дамуы, ұлттық нормативтік базаның қалыптасуының бастапқы кезеңі [2].

IIІ кезең. 1993 жылдың қараша айынан осы уақытқа дейінгі, яғни айналысқа Ұлттық валютаның енгізілуіне байланысты Ұлттық банкінің ақша-несие аясының қызмет етуіне толық жауапкершілік алу, бюджет және банктермен қарым-қатынас орнатудың классикалық қағидаларын енгізу, банктердің қызметін реттеу жүйесін нығайту кезеңін білдіреді.

1995 жылғы банктік реформалауға дейінгі жұмыс жасаған банктік жүйенің басты кемшіліктеріне мыналарды жатқызуға болады:

а) Ұлттық (орталық) банк қызметіне байланысты:

мемлекеттің қаржы саясатын жүргізу барысындағы Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі қызметтерінің жеткіліксіз шоғырлануы;

коммерциялық банктердің өтімділігін толық қолдау механизмінің жеткіліксіздігі;

екінші деңгейдегі банктер қызметін қадағалау және реттеу жүйесінің баяу құрылуы;

валюталық реттеу және бақылау жүйесінің қалыптасуындағы артта қалушылық;

макроэкономикалық процесстерді жедел түрде талдау, оларды болжау және шешім қабылдауда пайдалану деңгейінің төмендігі;

осы уақытқа дейін пайдаланылып келген Ұлттық банк пен екінші деңгейдегі банктердің бухгалтерлік есеп жүйесінің халықаралық стандартқа және нарықтық экономика талаптарына сай келмеуі;

Ұлттық банк жүйесіндегі еңбек ақының төмендігінен кадрлардың кету деңгейінің жоғарылығы.

ә) Екінші деңгейдегі банктерге байланысты:

Ұлттық банктер тарапынан белгіленген экономикалық (қазіргі пруденциалдық) нормативтер мен банк клиенттерінің құқықтарын тікелей бұзған банктердің нарықта қызмет ете беруі;

- қаржы ресурстарын жинақтаудың іс жүзіндегі механизмдерінің әлсіздігі;

- шаруашылық субъектілерін несиелеу барысында жобаларды бағалау деңгейінің және банк үшін несие беруден туындайтын тәуекелді бағалау дәрежесінің, сондай-ақ несиенің қайтарылуына жасалатын бақылаудың қанағаттанарлықсыз деңгейде болуы;

- орта және ұзақ мерзімде ірі жобаларды дербес түрде қаржыландыруды іске асыруға мүмкіндік беретін, банктердің капиталдану деңгейінің жеткіліксіздігі;

- прогрессивті қаржы құралдарын және технологияларды пайдаланып,

игерудің баяулығы;

- банк қызметкерлерін кәсіби жағынан даярлаудың жалпы төмен деңгейде болуы [2].

Сонымен бұрынғы салалық мамандандырылған банктерді қайта түрлендіруге байланысты бірқатар шаралар 1994 ж. орта кезінен басталып, 1995 жылға дейін жалғасты.

Бірінші кезекте 1994 жылы Ұлттық банктің ұсынысы бойынша Кабинет Министрлігінің Қаулысына сәйкес арнайы құрылған комиссия Қазагроөнеркәсіп банкіне санация процесін жүргізіп, ондағы орталықтандырылған несиелерге (шаруашылықтардың нақты төлем қабілеттілігін ескермей, Жоғарғы Кеңес пен Үкіметтің шешімі бойынша өткен жылдардағы берілген) байланысты мерзімі өткен қарыздарды Қазагроөнеркәсіп банкінің балансынан Қаржы Министрлігінің қарамағында құрылған ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау мемлекеттік қорының балансына беру шараларын іске асырды.

Екінші кезекте, Қазақстан ӘлемБанкін 1994 жылдың орта кезеңінде Мемлекеттік Экспорттық-импорттық банкке (қазіргі Эксимбанк) және әмбебап акционерлік ӘлемБанкке бөлу шаралары жүзеге асты. Сөйтіп, ол уақыттағы ӘлемБанктің жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі – 35% құрады. Бұл бір жағынан, ӘлемБанктегі мемлекеттің қаржысы мен мемлекеттік емес акционерлер қаржыларын өзара бөлуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан Әлем банктегі монополияны жоюға мүмкіндік жасады [2].

Үшінші кезекте, мемлекеттік мамандандырылған Халық банкін әмбебап банкке түрлендіру шаралары жүргізілді. Түрлендіру мынадай үш кезеңді қамтыды:

Бірінші кезеңде (1995 жылдың 1-ші жартысын) мемлекеттік емес акционерлерден акцияларын сатып алу жолымен 100 % мемлекеттік меншікті қалпына келтіру және оның жарғылық капиталын ұлғайту мақсатында мемлекеттен жалға алған ғимаратын Халық банкінің меншігіне беру, сондай-ақ 01.01.1992 ж. жағдайға байланысты халық салымдарын индексациялау жүйесін анықтау міндеті белгіленді.

Екінші кезеңде (1995 ж. екінші жартысында және 1996 ж.), Халық банкіне пластикалық дебеттік және кредиттік карточкаларды енгізу және олардың қолданылу ауқымын кеңейту міндеті жүктелді.

Үшінші кезеңде (1997 ж. ішінде), Халық банкісінің алдында Ұлттық банк белгілеген пруденциалдық нормативтерге сәйкес 01.01.1998ж. бастап салымдарды мемлекеттің толық кепілдемесінен ұжымдық сақтандыруға негізделген аралас сақтандыру жүйесіне өтуге дайындық жасап және жекшелендірудің бірінші кезеңін бастау міндеті тұрды.

Төртінші кезеңде әмбебап банк - Тұран банкіндегі мемлекеттің үлесі (61%, 1994 жылдың сәуіріне) анықталып, ондағы негізгі борышқор-кәсіпорындардың бір бөлігі 1995 жылы жаңадан құрылатын Медетші банкке берілетін болды.

Бесінші кезеңде әмбебап банк - Кредсоцбанктегі мемлекеттің үлесі -

40,3% мөлшерінде (1994 жылдың сәуіріне) анықталды. 1995 жылдың қаңтар айының аяғына таман оның жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесін сату бағдарламасын Ұлттық банк даярлауға тиіс болды.

Коммерциялық банктер үшін нақты секторды қысқа мерзімді несиелеу тиімсіз болып табылғандықтан, орта және ұзақ мерзімді несиелеу қызметін өз міндетіне алатын мамандандырылған мемлекеттік банктерді құру қажеттігі туды. Ондай банктерді халықаралық тәжірибеде даму банктері деп атайды, себебі олар үшін басты мақсат пайда табу емес, яғни экономиканың жекелеген салаларын дамыту болып саналады.

Сонымен, Қазақстанда банк секторын реформалау бағдарламасын іске асыру шегінде Экспортты-импорттық банк (Эксимбанк), Мемлекеттік даму банкі және Тұрғын үй құрылыс банкі құрылды. Мамандандырылған банктер қатарында халыққа қызмет көрсетуге маманданған Халық Жинақ банкі де болды [2].

Мемлекеттік даму банкі – бұл банк экономиканың маңызды салаларында тиімді инвестициялық жобаларды ұзақ мерзімді несиелеуді жүзеге асыруға бағытталған үкіметтің қаржы-несие институты болып табылады.

Экспортты-импорттық банк (Эксимбанк) – бұл Қазақстан үшін дәстүрлі емес, даму және ғылыми ұйымдардың экспортын қаржыландыру үшін, экспорттық несиелер мен инвестицияларға сақтандыру және кепілдеме беру үшін Әлем банктен бөлініп шыққан банк.

Тұрғын үй құрылыс банкі – бұл тұрғын үй құрылысын коммерциялық құрылысшылар арқылы несиелеуге, халық үшін тұрғын үй жинақ шоттарын қалыптастыру, ипотекалық несиелеу жүйесін құру мақсатында құрылған банк.

Медетші банк (траст) – бұл Дүниежүзілік банктің ықпалымен «Проблемалық кәсіпорындар үшін госпиталь» ретінде құрылған банк. Бұл банкті құру туралы жарғыға сәйкес, ол небәрі 4 жыл мерзімге қызмет етуге уақытша құрылды.

Ұлттық банктің 1995 жылғы реформалау нәтижесінде қолданған шаралары қаржылық және экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізді. Ең бастысы, ақша-несие реттеу әдістері мен құралдары әрі қарай дами түсті [2].

Банктерді қайта қаржыландыру механизмі түбірімен өзгерді. 1995ж. ақпан айынан бастап, директивті несиелерді беру тоқтатылды. Орталықтандырылған көздер есебінен берілетін несиелер көлемі мен мерзімі қысқарып, экономиканы несиелеу қызметі Ұлттық банктен екінші деңгейдегі банктерге ауысты. Ұлттық банк орталық банктерге тән қызметке: қысқа мерзімді өтімділігін қолдап отыру мақсатында екінші деңгейдегі банктерге несие беру, Үкіметке несие беру және ақша-несие және валюталық реттеумен айналысуға көшті.

1995 жылдың бірінші жартысында Ұлттық банктің екінші деңгейдегі банктерге берілетін несиелері несиелік ресурстар аукционы арқылы 3 ай мерзімге дейін берілсе, ал екінші жартысында операциялардың ауыртпалығы мемлекеттік бағалы қағаздардың қайталама нарығына өте бастады. Сөйтіп, банкаралық несиелер нарығы дами түсті. 1995 жылы қыркүйек айынан бастап ломбардтық несиелеу жүйесі енгізілді. Базалық ақшалардың өсу қарқынына шек қою мақсатында Ұлттық банк айналысқа өзінің қысқа мерзімді ноталарын шығару арқылы ақша массасын реттеп отырды.

1995 жылы Ұлттық банк қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің нақты мәнін қалпына келтірді. Инфляция қарқынын төмендету арқылы оның мөлшерлемесін төмендетті. Айталық, 1995 ж. қаңтар айындағы инфляцияның қарқынын 8,9%-дан, қыркүйек айында - 2,4%-ға дейін төмендету нәтижесінде қайта қаржыландыру мөлшерлемесі: 210 % -дан 45% -ға дейін төмендеген. Айта берсек, тағы да басқа көптеген жетістіктерге қол жеткізілді.

1996-1998 жж. банктік реформалар. Бұл реформалар Ұлттық банктің 1996-1998 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының банк жүйесін реформалау бағадарламасына сәйкес жүргізілді.

Банк реформасын жүргізу бағдарламасының басты мақсаты - ҚР ұлттық валютасының ішкі және сыртқы тұрақтылығын әрі қарай арттыру және экономиканы қаржыландыру мүмкіндігін кеңейту үшін екінші деңгейдегі банктердің жүйесін нығайту [3].

Көздеген мақсатқа жетуде Ұлттық банк мынадай міндеттерді шешуге күш жұмсады:

- ақша-несиелік реттеу әдістері мен құралдарын жетілдіру;

- елдің қаржы нарығына Ұлттық банктің араласуы арқылы қолма-қол ақша айналымында әкімшілік басқаруды күшейту;

- валюталық реттеуді дамыту және алтын валюта резервін басқару;

- банктік қадағалау жүйесін және банк қызметін реттеу принциптерін түбірімен өзгерту;

- бухгалтерлік есепті және банк жүйесін реформалауды аяқтау;

- Ұлттық банктің басқа елдердің орталық банктерімен және басқа да қаржылық институттарымен байланысып, халықаралық қаржы ұйымдарына қатысуы;

- Ұлттық банктің құрылымын жетілдіріп, кадр және техникалық әл-ауқатын нығайту;

- екінші деңгейдегі банк жүйесін сауықтандыру;

- төлем жүйесін дамыту;

- елдің банк жүйесінің қызмет етуінің және реформалауының құқықтық қамтамасыз етілуін жетілдіру.

Сол уақыттары Республикамызда берілген директивті несиелердің уақытында қайтарылмағаны, яғни олардың 24 %-дан астамы ғана қайтқандығы белгілі. Соның салдарынан Ұлттық банк ондай несиелерді беруді тоқтатуға мәжбүр болды. Осындай жағдайларға байланысты Ұлттық банк 1996-1998 жж. орталықтандырылған несиелерді тек қана банктердің қысқа мерзімді қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін несиелік аукциондар, банкаралық нарық, ломбардтық несиелеу, «репо» операциялары, вексельдерді қайта есепке алу арқылы беріп отырды [3].

Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі арасындағы бюджетті несиелеуге байланысты жаңа қатынастың қалыптасуына сәйкес, 1998 жылдан бастап, Қаржы министрілігі бюджет тапшылығын өз күшімен несиелеуге міндеттеме алғандықтан, Ұлттық банк оған тікелей несие беруін тоқтатты. Оған дейін бюджеттің тапшылығының 80%-ға жуық бөлігі Ұлттық банк несиелері есебінен жабылып келген. Мұны да осы реформаның бірден-бір нәтижесі деп санауға толық болады.

Банк жүйесін реформалау және ақша банкноталарын шығаруда меншікті өндірісті іске қосу республикамыздағы қолма-қол ақшамен байланысты жағдайды түбірімен өзгерістерге әкелді. Осыған байланысты қолма-қол ақша айналымын басқаруда 1992-1993 жж. қолма-қол ақшаның тапшылығынан енгізілген директивтік саясаттың орнына экономикалық реттеу әдістерін пайдаланудың алғышарттары жасалды.

Сонымен осы реформа нәтижесінде кәсіпорындарды және екінші деңгейдегі банктердің қолма-қол ақшамен жасалатын кассалық операцияларының лимиті алынып тасталды.

Ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтап отыру мақсатында Ұлттық банк шетелдік тәжірибелерді ескере отырып, теңгенің жүйелі валюталық айырбас бағамы саясатын жүргізіп отырды. Алтын-валюта резервін басқаруда Ұлттық банк мынадай екі портфелді құру қажет деп таныды: стратегиялық инвестициялық портфель және тактикалық өтімділік портфелі.

Мұндағы, тактикалық өтімділік портфелі валюталық бағамды реттеу саясатын жүргізу және қысқа мерзімді міндеттемелерді жабу үшін қажет. Өтімділік портфелінің негізгі құралдарына ақша нарығының құралдары жатты.

Стратегиялық инвестициялық портфель құрамы Ұлттық банктің орта мерзімді (3 айдан 3 жылға дейінгі) және ұзақ мерзімді (3 жылдан 10 жылға дейінгі) міндеттемелерінен тұрды [3].

Аталған портфельдің негізгі құралдарына: мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының құралдары, орта және ұзақ мерзімді депозиттер және капиталдар нарығының басқа да құралдары жатқызылды.