Дәріс. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету

Жоспар:

1. Қазақстан Республикасының үй шаруашылықтарында
ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігі

2. АКТ-нарығын ынталандыру

Бүгінгі күні ақпараттық-телекоммуникациялық инфрақұрылым экономикалық дамудың аса маңызды элементі болып табылады. Қазіргі заманғы қолжетімді телекоммуникациялық инфрақұрылымсыз Қазақстанның әлемдік экономикалық және ақпараттық кеңістікке енуі мүмкін емес. АКТ қолжетімділігі ақпаратты қоғам құруға арналған тұғырнама болып табылады.

2012 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Республикасында тұтынушылық сұраныстың өсуі экономиканың өсуіне оң ықпалын тигізді, оны көтерме және бөлшек сауданың (14,3 %), көлік қызметінің (7,2 %), байланыс қызметінің (12,8 %) өсуі дәлелдейді.

Телекоммуникация қызметтерін дамыту мынадай индикаторлармен сипатталады:

1) жергілікті телекоммуникация желілерін цифрландыру деңгейі (95,6 %);
2) Интернет желісін пайдаланушылардың саны 8,8 миллион адамға жетті (53,5 %);
3) тіркелген телефон байланысы абоненттерінің саны 4,2 миллионнан астам абонентті құрады (26 %);
4) ұялы байланыс абоненттерінің саны 26,2 млн. құрады (158,3 %).

Ұялы байланыс қызметтері Қазақстан тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие, ол абоненттер санының тұрақты артуына байланысты.

Сондай-ақ 2011 - 2012 жылдары Интернет және ұялы байланыс қызметтеріне тарифтерді төмендету бойынша іс-шаралар жүргізілді. Ұялы байланыс операторларының желі ішінде қоңырау шалуға жұмсалатын ең төменгі құны 30 %, ұтқыр Интернетке ең жоғарғы тариф 50 % дейін төмендеді.

Интернет желісіне белгіленген кең жолақты қолжетімділік тарифтер бойынша жарияланған IT 2012 әлемдік есебіне сәйкес Қазақстан әлемде 13-орынды иеленді (2009 жылғы қорытындылар бойынша 19-орын).

Міндет: Қазақстан Республикасының үй шаруашылықтарында ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының қолжетімділігі.

1) Интернет желісіне қолжетімді үй шаруашылықтарының үлесі 2017 жылы - 65 %, 2020 жылы - 80 %;
2) тіркелген телефон байланысы бар үй шаруашылықтарының үлесі 2017 жылы - 80 %, 2020 жылы - 100 %;
3) ұтқыр телефоны бар үй шаруашылықтарының үлесі 2017 жылы - 80 %, 2020 жылы - 100 %.
Қол жеткізу жолдары
Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікті дамыту мынадай бағыттар бойынша қамтамасыз етіледі:
1) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту;
2) Қазақстан Республикасы өңірлеріндегі «цифрлық теңсіздікті» қысқарту (ірі қалалар, моноқалалар, ауылдар).
2013 жылы CDMA 450/EVDO технологиялары бойынша Интернет желісіне КЖҚ қызметтерімен тұрғындар саны 50 және одан да көп елді мекендердің тұрғындары қамтамасыз етіледі.
FTTH технологиясы бойынша Интернет желісіне КЖҚ барлық қалалар мен облыс орталықтарында 2015 жылға дейін аяқталатын болады.
3G үшінші буынның ұтқыр байланысымен 2013 жылдың басында тұрғындар саны 50 мың және одан да көп адамды құрайтын елді мекендердің тұрғындарын, ал 2015 жылдың басына дейін тұрғындар саны 10 мың және одан да көп адамды құрайтын аудан орталықтары мен елді мекендердің тұрғындарын қамтамасыз ету жоспарланады.
2013 жылдың басына 4G төртінші буын стандарты Астана, Алматы қалаларында, 2014 жылдың басына - республиканың барлық облыс орталықтарында, 2015 жылдың басында - тұрғындар саны 50 мың және одан да көп адамды құрайтын барлық елді мекендерде, ал 2018 жылдың басында - Қазақстан Республикасының бүкіл аудан орталықтарында енгізілетін болады.
Ұялы байланыс қызметтері тарифтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін (сондай-ақ, мобильді Интернет) ұялы байланыстың басым операторларының трафигіне қосылу және оларды жіберу қызметтерінің тарифтерін төмендету іске асырылады (2015 жылға дейін жыл сайын кемінде 10 %).
Бүкіл Қазақстан бойынша тұрғындарды 95 % эфирлік хабар таратумен және 100 % спутниктік хабар таратумен қамтуды қамтамасыз ететін эфирлік цифрлық желі құрылады.

АКТ саласы әлемдік экономиканы дамытудың қозғаушы күші болып табылады. Ақпарат дәуірінде АКТ және ақпараттық инфрақұрылым жаңа бизнес-үлгілерді, тауарлар мен қызметтерді, жаңалықтар мен өнертабыстарды жасауға ықпал жасайды, жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, бизнес-модельдерді ұйымдастыруды іргелі түрде қайта құрудың ғылыми-технологиялық кілті болып табылады.
АКТ-ны кеңінен қолдану, бірінші кезекте жылдан жылға артып келе жатқан аталған саладағы инновацияларды дамытудың өсіңкі трендімен байланысты. Бүгінгі күні Интернет, "бұлтты есептеулер", ұтқыр және мультимедиялық технологиялар, RFID, NFC, роботтар, виртуалды шындық және басқалары «ақылды» экономикасы бар елдердің міндетті атрибутына айналып отыр.
Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілетті ірі мемлекеттердің қатарына кіруіне қатысты батыл мақсаттары мемлекеттің білімге негізделген жаңа экономиканы қалыптастыру бойынша зор күш жұмсауын талап етеді, қазіргі заманда оған тек АКТ-ны дамыту және енгізу арқылы қол жеткізуге болады.

Дүниежүзілік банк мәліметтері бойынша әлемде АКТ нарығының жалпы көлемі 2011 жылы 3 280 миллиард АҚШ долларын құрады және жыл сайын 4 % артуда. Қазақстанда аталған көрсеткіш 2011 жылы 840 миллиард теңгені құрады, яғни Қазақстан ЖІӨ-нің 3,02 %.

IDC бағалауы бойынша, барлық ІТ-нарығының көлемі 2011 жылы 207 миллиард теңгені құрады. 2010 жылмен салыстырғанда өсім - 19,2 %. Бұл ретте нарықтың 88,6 % жабдықтарға, 5,2 % БҚ-ға, 6,2 % ІТ-қызметтерге тиесілі. Бағдарламалық қамтамасыз ету және ІТ-қызметтер нарығының төмен көрсеткіштері ең алдымен АКТ саласындағы кәсіпорындарда инновациялық қызметтердің дамымағандығын көрсетеді және ол, ең алдымен, ғылыми-зерттеу қызметі тәуекелдерінің артуынан және елдегі АКТ компаниялар, ЖОО-лар, АКТ саласындағы ғылыми-зерттеу ұйымдарының инновациялық әлеуетінің әлсіздігіне байланысты.

Сонымен бірге осы саладағы негізгі проблемалар АКТ құралдарының отандық өндірісі деңгейінің төмендігі және оның импортқа тәуелділігі, сондай-ақ, ІТ-білім берудің халықаралық стандарттары мен жаңа білім беру технологияларының трансферті мақсатында отандық ЖОО-лардың шетелдік университеттермен ынтымақтастығын дамытудың төмен деңгейі болып табылады.
Міндеті: ақпараттық-коммуникациялық және инновациялық инфрақұрылым мен ғылыми-зерттеу қызметін дамыту арқылы бәсекеге қабілетті отандық АКТ нарығын құру.

Нысаналы индикаторлар:
1) ЖІӨ-дегі АКТ секторының үлесі 2017 жылы - 3,8 %, 2020 жылы - 4 %;
2) АКТ саласындағы инновацияларға жұмсалатын шығындардың үлесі 2017 жылы - ЖІӨ 0,5 %, 2020 жылы - ЖІӨ 0,9 %;
3) елдегі АКТ саласындағы кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі 2017 жылы - 7 %, 2020 жылы - 10 %;
4) МЖӘ схемасы бойынша ортақ қолданыстағы зерттеу зертханаларының саны 2017 жылы - 4, 2020 жылы - 8.
Қол жеткізу жолдары
Қазақстанның АКТ нарығын дамытудың мемлекеттік саясаты мынадай шараларды қабылдап, отандық АКТ кәсіпорындарды қолдауға және АКТ саласындағы инновациялық және ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыруға бағытталады:
1) өңірлік AT және технопарктері бар инновациялық зерттеу орталығы ретінде «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА аумағында АКТ-кластерін құру;
2) бизнес инкубациялау тетігі бар шағын инновациялық және стартап компанияларды егістік және венчурлік қаржыландыру құралдарын дамыту;
3) өзекті бағыттар бойынша салалық кәсіпорындарға арналған инновациялық шешімдерді әзірлеу үшін қажетті инфрақұрылымы бар ортақ пайдаланымдағы ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханаларды құру: робот жасау, ұтқыр технологиялар, "бұлтты" және Grid есептеулер, жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеу жүйелері, ақпаратты қорғау және оның қауіпсіздігі, мультимедиа технологиялары және басқалары;
4) АКТ қызметтерді коммерцияландыру орталықтарын құру;
5) ноу-хау технологиялық және зияткерлік трансфертін қамтамасыз ету мақсатында білімнің ғаламдық банкін пайдалану үшін шетелдік зерттеу және көп ұлтты корпорациялармен ынтымақтастық жасау;
6) өндірістік кәсіпорындардың технологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін білім мекемелері мен ғылыми-зерттеу ұйымдарын қолданбалы зерттеу қызметіне белсенді түрде тарту арқылы ғылым-білім-индустриясының тығыз ынтымақтастығын орнату;
7) өзіндік әзірлемелерін ілгерілету бойынша университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдарында маркетингтік және коммерциялық қызмет машықтарын дамыту;
8) АКТ саласындағы отандық кәсіпорындарды әлемдік нарыққа шығаруға көмек көрсету;
9) еркін әрі ашық бағдарламалық қамтамасыз етуді кеңінен қолдана отырып, бағдарламалық қамтамасыз ету мен АТ-қызметтер нарығын дамыту;
10) мемлекеттік органдардың, жер қойнауын пайдаланушылардың, концессионерлердің, жүйе түзуші ұйымдардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялар мен акцияларының елу және одан астам пайызы (қатысу үлестері) ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияларға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы кезінде тұрақты негізде АКТ саласындағы жергілікті қамтуды дамытуды мониторингтеу және талдау жүргізу.

Иллюстрациялық материал:слайд