Сұрақ: Аллаһтың Аршыға қалай көтерілгені бізге белгілі ме? Не үшін?

Жауап:

Аллаһтың Аршыға көтерілгені белгілі, ал қалай көтерілгені бізге белгісіз. Өйткені:

1) Аллаһтың қалай көтерілгенін біз көрген жоқпыз.

2) Оны салыстыратын еш нәрсе жоқ.

3) Аллаһ пен Оның Пайғамбары бізге ол туралы ешнәрсе баян еткен жоқ.

Дәлел: «Әр-Рахман Аршыға көтерілді». (Таһа, 5);

«Күдіксіз Раббыларың сондай Аллаһ, көктер мен Жерді алты күнде жаратқан. Содан кейін Аршыға көтерілген...». (әл-Әғраф; 54)

Осы жерде айта кететін маңызды мәселе, жоғарыда келтірілген аяттардың арабшасында Аллаһ Тағаланың әрекеті «истауә» деген сөзбен келді. Мұның мағынасы «көтерілді, жоғарылады» дегенді білдіреді. Құранда истауә сөзі үш мағынада келеді:

Егер «ъалә» деген жалғаумен келсе, «көтерілді» дегенді білдіреді.

«Әр-Рахман Аршыға көтерілді» (Таһа; 5);

Ал, егер «илә» деген жалғаумен келсе, «мақсат қылды, көңіл бөлді» деген мағынада келеді.

«Ол сондай Аллаһ, жер жүзіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты. Сонан кейін аспанға көңіл бөліп, оны жеті қабат етіп тәртіптеді» (әл-Бәқара; 29)

Ал, егер ешбір жалғаусыз құр өзі келсе, «өсіп жетілді» деген мағынаны білдіреді. Бұны не үшін айтып жатырмыз?

Себебі біріншіден, Құранның аяттарын өздерінің ақылына салып түсіндіретін кейбір адасқан ағымдар және кәләмның жақтаушылары (фәлсәфәшылар) «истауә» сөзін «истаулә» («менгерді») деп өзгертеді. Ал бұлай өзгерту дінде рұқсат етілмеген. Өйткені біз діндегі ақида (сенім), фикх (амал), әдеп, мінез-құлық сияқты бүкіл мәселені Пайғамбарымыз бен оның сахабалары қалай түсінген болса, солай түсінуге бұйырылғанбыз. Пайғамбарымыздың , сахабалардың кезінде Құран түгел уахи болып бітті. Бірақ, Пайғамбарымыз да, оның сахабалары да және төрт имам да (имам Әбу Ханифа, имам Мәлик, имам Шәфиъи, имам Әхмәд) Аллаһ Құранда Өзін сипаттаған сипаттардың ешбірін ешнәрсеге ұқсатпаған, жоққа шығармаған, «қалайша?» деп сұрақ қоймаған және ешбір сипатын өзгертпеген. Олардың ешбірі «истауәны» «истаулә» деп тәпсір етпеген. Ал қазір қаншама адам Ханафи мазхһабын ұстанамыз дейді де, бірақ ақидада Аллаһтың сипаттарын фәлсафәшылар бұрмалап түсіндіргендей етіп түсінеді. Ал, имам Әбу Ханифаның ақидасыда да, қалған төрт имамның ақидасында да, Аллаһтың есімдері мен сипаттарына қатысты құран мен Сүннетке қайшы келетін мұндай бұрмалаулар мен ауытқулар болған емес.

Екішіден, егер Аллаһ Аршыны меңгерді деп айтылса, онда «Аллаһ Аршыны меңгергенге дейін, Аршы кімде еді?» - деген сауал туындайды, яғни Аллаһты кемсітуге жол ашады.

Үшіншіден біз, Аллаһ пен Пайғамбар хабар берген ғайып нәрселерге, оларды ақылға салмастан, Құран мен хадисте қалай келсе, тура солай иман келтіруіміз керек. Бұл туралы Аллаһ шынайы мұсылмандарды сипаттап, олардың: «Естідік те, бой ұсындық»,- деп айтатынын баяндап, олардымақтаған. (әл-Бәқара 285)

Аллаһ бүкіл жаратылыстардан мына сипаттарымен ұлы, биік әрі олардың үстінде:

1) Мекендерден, яғни Өзінің Затымен ұлы;

2) Өзінің қаһарымен ұлы;

3) Өзінің құдіретімен ұлы.

Ибн Жәузи Аллаһтың биікте екендігіне жиырма түрлі жолмен дәлел келтірген.

Құраннан дәлел: «Және Ол құлдарының үстінде өктем».(әл-Әнғам; 18);

«Періштелер және Рух (яғни Жәбрейіл) мөлшері елу мың жыл болған бір күнде Оның (Аллаһтың) алдына көтеріледі».(әл-Мәғәриж; 4);

«Аллаһ - өте Үстем, Хикмет иесі»,(ән-Ниса; 158);

«Кім құрметті көксесе, онда барлық күш-құдірет Аллаһқа ғана тән.(Әрбір)жақсы сөз Аллаһқа көтеріледі және жақсы амалдарды да көтереді».(әл-Фәтыр 10;

«Ол Аллаһ - аса Жоғары, өте Ұлы».(әс-Сәбә; 23);

«Және Ол - ең Биік аса Ұлы».(әл-Бәқара; 255);

«Мейірімді және Рахымды Аллаһ тарапынан түскен».(яғни жоғарыда болған Аллаһтан төмен түскен) (әл-Фуссиләт; 2);

Аллаһ Тағала Мүлік сүресінің 16-аятында: «Жер теңселген сәтте Аспандағының сендерді жерге жұттыруынан бейбітсіңдер ме?» -деген.

Пайғамбарымыз Аллаһтан ол үшін «Оны Құранның тәпсіршісі ет», - деп дұға етіп сұраған, ұлы ғалым сахаба Абдуллаһ ибн Аббәс осы аяттағы «Аспандағының» деген сөзді «Аллаһтың» деп тәпсірлеген. Бұл аятта Аллаһ Өзінің аспанда екенін айтты және ұлы тәпсірші сахаба мұны өзгертпестен тура тәпсір етті және бұған басқа сахабалар қарсы шықпады.

Сүннеттен дәлел:«Бір сахаба қойын қасқырға жегізіп қойған күң әйелді бетінен ұрды. Кейін өкініп, Пайғамбарымызға келіп істеген ісін айтқанда, ол: «Сол әйелді маған алып кел», - деді. Алып келгенде Пайғамбарымыз әйелден: «Аллаһ қайда?» - деп сұрады. Сонда әлгі әйел: «Аспанда», - деп жауап берді. Сосын Пайғамбарымыз : «Мен кіммін?» - деп сұрады. Ол: «Сен - Аллаһтың елшісісің», - деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз : «Бұл әйелді азат ет, ол иман келтірген», - деді. (Муслим)

Субханаллаһ, қазір біреулер «Аллаһ қайда?» - деп сұрауға болмайды дейді. Сонда осылай сұраған Пайғамбарымыздың сенімі дұрыс емес пе? «Ол жәй қойшының сөзі ғой» - дейтіндер де бар. Пайғамбарымыз ол әйедің иман келтіргеніне куәлік берді, ал бұлар: «Оның сөзі қабыл алынбайды», - дейді. Ендеше, кімнің сөзін аламыз: Пайғамбардың ба , әлде фәлсәфашылардың ба?

«Пайғамбарымыз дүниеден өткен кезде, Әбу Бәкр келіп, оның маңдайынан сүйді. Кейін адамдардың алдына шығып:«Кім Мухаммадқа құлшылық қылса, ол өлді. Ал Аллаһ аспанда, мәңгі тірі, өлмейді», -деді (Бухари «Тарихул Кәбир» кітабы).

Әбу Язид әл-Музани былай дейді: «Хаулә ибн Сағләбә деген сахаба әйел Омар халифа болған кезде оны жолықтырып, оған өз қажеттерін айтты. Омар үндемей ол әйелді тыңдады. Әлгі әйел кеткен кезде, Омардың қасындағы бір кісі: «Осы бір құрайыштың кемпіріне бола еркектерді тоқтаттың ба?» - деді. Сонда Омар: «Әй құрығыр! Сен бұл әйелдің кім екенін білесің бе? Бұл әйелдің шағымын Аллаһ жеті қат аспанның үстінен тыңдаған. Аллаһқа серт, егер ол әйел түнге дейін сөйлесе тыңдар едім де, тек (арасында) намазға барар едім», - деді. (Усмән ибн Саид әд-Дарими).

Абдуллаһ ибн Мәсъуд былай деді:«Бірінші қат аспан мен екінші қат аспанның арасы 500 жыл жол. Екінші қат аспанмен үшінші қат аспанның арасы 500 жыл жол. Осылайша әрбір аспанның арасы 500 жыл жолдан тұрады. Жетінші қат аспан мен Курсидің арасы 500 жыл жол. Курси мен судың арасы 500 жыл жол. Аршы судың үстінде, ал Аллаһ Аршының үстінде. Ол сендердің барлық істеріңнен хабардар», - деді. (әд-Дарими)

Әнәс ибн Мәликтен: «Пайғамбарымыздың әйелі Зайнаб ибнту Жахш Пайғамбарымыздың басқа әйелдеріне: «Сендерді (Пайғамбарға) тұрмысқа әкелерің берді, ал мені жеті қабат аспанның үстінен Аллаһ берді», - деп мақтанатын еді.(Бухари, Муслим).

Мәсрух егер Айша анамыздан хадис риуаят етсе: «Маған бұл хадисті жеті қат аспанның үстінен ақталған Пайғамбарымыздың сүйіктісі Сыддықтың қызы Сыддықа айтқан», -деп айтатын еді.

Осы асарлар (сахабалардан жеткен хабар) Ибн Қайим әл-Жәузидің «Ижтимәаъул әл жуюш әл-Исләмия» кітабының 62-67 беттерінде келтірілген.

Төртіншіден, Құран аяттарын, Аллаһтың есім сипаттарын, олар ақылға сиса - қабылдап, симаса - өзгертіп тәпсірлеу (түсіндіру) – әһлис-суннә уәл-жәмәъаның жолы емес. Құранды тәпсірлеудің төрт шарты бар:

1) бір аятты екінші аятпен тәпсірлеу;

2) аятты хадиспен тәпсірлеу;

3) аятты сахабалардың сөзімен тәпсірлеу;

4) аятты араб тілімен тәпсірлеу.

Бесіншіден, Сахабалар, табиғиндер, бұл үмметтің имамдары мен ғалымдары бір ауыздан адамзат Аллаһ Тағаланың шекарасын білмейтіндігін, сондай-ақ Аллаһтың сипаттарының бірде-бірін шектей алмайтындығын айтты. Әбу Дауд Таялуси былай деп айтады: «Суфьян әс-Саури, Шуғбә, Хаммәд ибн Зайд (Әбу Ханифәның ұстазы), Хаммәд ибн Саләмә, Шәрик және Әбу Аууәнә (табиғиндер) Аллаһ Тағаланы шектемейтін, ұқсатпайтын, теңестірмейтін және «қалайша?» - деп сұрамай, хадистерді риуаят ететін. Оларға сұрақ берілгенде хадистермен жауап беретін».

Сондай-ақ, Абдуллаһ ибн Мубәрак сияқты табиғин ғалымнан «Раббымыз туралы не білеміз?» - деп сұрағанда, ол: «Аллаһ Аршының үстінде, жаратылыстардан бөлек», - деп жауап берген.

Имам Әбу Ханифә өзінің «Фикхуль акбәр» деген кітабында: «Аллаһ Тағала Құранда Өзін сипаттағандай көзі, жүзі, нәпсісі бар (нәфс-Аллаһтың сипатынан, Мәида сүресінің 116-аятын қараңыз. (Сол уақытта) Аллаһ: «Ия Мариям ұлы Ғиса! Адамдарға Аллаһты қойып, мені әрі анамды екі тәңір етіп алыңдар деп сен айттың ба?» - дейді. (Ғиса айтады) «Ия Аллаһ! Сені пәктеймін. Маған тиісті болмаған нәрсені айтуға хақым жоқ. Егер деген болсам, сонда Сен оны анық білесің. Сондай-ақ, менің нәпсімдегіні Сен білесің, ал мен Сенің нәпсіңдегіні (фи нәфсикә) білмеймін»), - деп айтқан. Демек Аллаһ Құранда Өзін сипаттаған сипаттарды өзгертудің дұрыс еместігіне төрт мазхабтың имамдары да келіскен. Мысалы, Аллаһтың қолы деген сипатын Аллаһтың құдіреті және нығметі деу - дұрыс емес, Өйткені былай өзгерту - Аллаһтың Өзін-өзі Құранда сипаттаған сипатын жоққа шығару болып табылады.

Алтыншыдан, Пайғамбарымыз миғраж түні бірінші қат аспанға, кейін екінші аспанға, солай жетінші қат аспанға, одан кейін Аршыға дейін көтерілген. Егер Аллаһ бұл адасқан топтардың айтқаны сияқты барлық жерде болса, онда Пайғамбарымыз не үшін аспанға көтерілді? Неге Пайғамбарымыз алға, не артқа, не оңға, не солға немесе төменге бара салмады?

Жетіншіден, неге біз дұға қылғанда қолымызды жоғары қаратып жаямыз? Аллаһ барлық жерде болса, қолымыздың бірін жоғары, екіншісін төмен, немесе бірін оңға, ал екіншісін солға қаратып дұға қылмаймыз ба? Пайғамбарымыз : «Аллаһ, пендесі екі қолын жайып сұрағанда, оны бос қол қайтарудан ұялады», -деді (Әбу Дауд).

Сегізіншіден, егер Аллаһ барлық жерде десек, Аллаһ бізді бұдан сақтасын, сонда шіркеуде де, мусор жәшігінде де, арақ ішетін жерде де, зина істелінетін жерде де Аллаһ бар деп айтылғаны ма? Бұлай деп айтудың қаншалықты надандық екендігі және Пайғамбарымыз бен оның сахабаларының жолынан адасу екендігі әрбір ықыласты, шыншыл әрі саналы мұсылманға түсінікті болар.

Тоғызыншыдан, адасқан топтардың Аллаһтың сипаттарын өзгертуі екі түрлі болады:

1) Құран аяттарына артық әріптер қосу арқылы, мысалы «истауә» сөзіне, «л» әрпін қосып «истаулә» деу. Тіпті бұндай адасқан топтардың «Нуния» деген қасидасында: «Яхудилердің «нуны» және жәхмилердің «ләмі» Аршының Раббысының Кітабындағы екі артық әріп» - делінген.

2) Аллаһ пен Оның пайғамбарының айтқан мағынасына ешбір сәйкес келмейтін мағынамен өзгерту. Мысалы: Аллаһтың қолы деген – Оның құдіреті, жақсы көреді деген – сыйлық береді және т.б. Бұлай тәпсірлеуге не Құраннан, не Сүннеттен, не сахабалардан, не төрт имамнан ешбір дәлел келмеген.